Қазақстан волейболшылары Азия чемпионатына дайындалуда
Қазақстанның U18 әйелдер құрамасы Ташкент қаласында өткен Орталық Азия чемпионатындағы өнерін аяқтады.
Қазақстандық команда үшін бұл турнир алдағы Азия чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі болды. Құрлықтық біріншілікке жолдама бұған дейін-ақ жеңіп алынғандықтан, бапкерлер штабы негізгі назарды ойын ырғағын сақтауға, құрамды сынақтан өткізуге және волейболшыларға ойын тәжірибесін беруге аударды.
Қазіргі құрамдағы ойыншылардың басым бөлігі халықаралық жарыстарда өнер көрсету тәжірибесіне ие. Өткен маусымда олардың көпшілігі Иорданияда өткен U16 Азия чемпионатында Қазақстан намысын қорғап, ұлттық құрама тоғызыншы орын алған болатын.
Турнир аяқталғаннан кейін волейболшылар қысқа мерзімді демалыс алады. Ал маусым айының басында команда қайтадан оқу-жаттығу жиынына жиналады. Дайындық Таиландта өтетін Азия чемпионатына бағытталады.
Ташкенттегі турнирде қазақстандық спортшылар жеке марапаттарға ие болмағанымен, бапкерлер штабы мен федерация команданың алдағы уақытта өсіп-өркендеуіне сенім білдіреді. Бұл құраманың халықаралық аренада өзін көрсетуге әлі де мүмкіндігі мол.